🥈 Самбодан Қазақстан чемпионатында Алтай Дінмұхаммед күміс жүлдегер атанды.
🥉 Таеквондодан Қазақстан чемпионатында Серікбаев Мирас қола медаль иеленді.
🥉 Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен U-15 Азия чемпионатында Мендигараева Диана қола жүлдеге қол жеткізді.

Мысырдың Исмаилия қаласында ауыр атлетикадан жастар арасындағы Әлем чемпионатында Сәулебеков Ерасыл серпе көтеруден әлем чемпионы атанып, қоссайыс қорытындысында күміс медаль жеңіп алды.
🥉 Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында Ібіраш Мағжан қола жүлдегер атанды.
🥉 Самбодан Қазақстан чемпионатында Қасымов Ислам үшінші орынға ие болды.
🥇 Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында Қойшыбек Мұхаммедәли чемпион атанды.
🥇 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында Сәулебеков Ерасыл үш жаттығу қорытындысы бойынша алтын медаль иеленді.
🥇 Ақтау қаласында өткен гир спортынан Азия чемпионатында Еркебұлан Кәжденбек Азия чемпионы атанды.
Бұл жетістіктердің артында аудан спортының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңіріп келе жатқан азаматтардың еңбегі зор.

Бүгінде спорт саласының басшылығында жүрген ардагерлеріміз Омаров Сұлтанбек пен Құндақбаев Жарболсын, сондай-ақ Еркін Атабаев, Әлжан Төремаханов, Шәріпбек Асанов, Әділбек Серікбаев және Бауыржан Абенғалиев сынды ағаларымыз бұқаралық спортты дамыту, жас спортшыларды тәрбиелеу және спорттық резерв қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Жетістікке толы жол Тәуелсіздік жылдарында аудан спорты талай талантты саңлақтарды тәрбиелеп, республика мен әлемдік аренаға шығарды. Жерлестеріміз Алмат Қодаров пен Мейіржан Қуаңбаев Азия чемпиондары атанса, Бауыржан Жауынтаев дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының және жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.

Қазақ күресінен Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исағабылов «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпаздары атанса, Бауыржан Райсов пен Ғалымжан Абдрахманов әлем чемпионатында топ жарды. Ал ауыр атлетикадан Ерасыл Сәулебеков жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы атанып, аудан спортының мерейін үстем етті.

Бүгінде ауданымыздан 100-ден астам Қазақстан Республикасының спорт шебері және 10-нан астам Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері шыққан. Бұл – аудан спортының қалыптасқан мектебі, бапкерлердің маңдай тері, ата-аналардың қолдауы және жас спортшылардың табандылығы.

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын асқақтататын сала. Жеңісті жол жалғасын тауып, ауданымыздың көк туын биікте желбіретер жаңа чемпиондар көбейе берсін!