Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жыл соңына дейін 2659 жұмыс орнын құру жоспарланса, 1 тамызға дейін 1626 жұмыс орны құрылып, жоспар 70 пайызға жуық орындалған.
Бос жұмыс орындары бойынша 687 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындары аясында 410 жұмыс орны құрылды.
Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтарға да қолдау көрсетілуде. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 306 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданса, Skills.enbek.kz платформасындағы онлайн курстарды 502 адам аяқтаған.

Әлеуметтік қолдау шаралары бойынша жыл басынан бері 89 отбасының 499 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар тұрғын үй көмегі, мүгедектігі бар балаларды қолдау, туберкулезбен ауыратын азаматтарға және басқа да әлеуметтік осал санаттарға тиісті көмектер көрсетілуде.
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қармақшы ауданы бойынша жеке оңалту бағдарламасы аясында 245 азамат 787 арнайы көмекші құралмен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, белгіленген квота бойынша 8 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Брифинг барысында Ғабит Кенжеғұлов БАҚ өкілдерінің әлеуметтік қолдау және алдағы міндеттер бойынша қойған сауалдарына толық жауап беріп, азаматтарға сала бойынша көмек көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.