Кесенеге келгенде ең алдымен осы өлкенің терең тарихы мен бабалардан қалған рухани мұра туралы ойланасың. Мұндай қасиетті орындар – жай ғана көне ғимарат немесе тарихи нысан емес. Бұл – халқымыздың өткенінен, салт-дәстүрінен, діни танымынан сыр шертетін құнды мұра.
Бүгінгі ұрпақ үшін Қалқай ишан сияқты тарихи тұлғалардың өмір жолын білу – өткенді тану ғана емес, ата-баба аманатына деген құрметті қалыптастыру. Ұрпақтарының айтуы бойынша Қалқай ишан жас балаларға діни бағыттағы тәлім- тәрбие беріп қана қоймай,қазақ халқының қисса жырлары, дастандары туралы мағлұматтар береді екен. Кейбір зерттеушілер Қалқайды молда атаған. Азан айтып қойған есімі- Қалмұхамед. Мұрағаттарда Қалмаұхамед Маралов болып жазылған. Кесене Жосалы кентінен шығысқа қарай шамамен 18 шақырым жерде, Қараөзек өзенінің аңғарындағы Марал баба қорымында орналасқан. ХІХ ғасырға жататын бұл тарихи нысан мемлекеттік тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Кесененің сәулеттік ерекшелігі де ерекше назар аудартады. Ғылыми сипаттамаларда оның шикі кірпіштен, саз балшық ерітіндісімен тұрғызылғаны көрсетіледі. Кесене екі камерадан – жерлеу және кіреберіс бөліктерінен тұрады. Жерлеу камерасы күмбезбен жабылған, ал негізгі кіреберіс бөлігі биік портал түрінде жасалған. Бұрыштарында мұнара тәрізді құрылымдар орналасқан. Кесененің ең қызықты ерекшеліктерінің бірі – оның сәулетінде жергілікті құрылыс дәстүрлері мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік шешімдеріне ұқсас элементтердің қатар кездесуі. Осы ерекшелігі Қалқай ишан кесенесін Сыр бойындағы сәулет өнерінің өзіндік үлгісі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.Осындай тарихи орындарға барған сайын бір нәрсені түсінесің: бабалардан қалған мұраны сақтау – өткенді ғана қорғау емес, келешек ұрпақтың өз тарихын тануына жол ашу.
Қалқай ишан кесенесі – Қармақшының ғана емес, Сыр бойының рухани және тарихи келбетін айқындайтын құнды мұра. Оны танып-білу, зерттеу, қорғау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ аманат.