Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – халық ақыны, аудармашы, ұстаз, шығыс әдебиетін терең меңгерген көрнекті тұлға. Ол 1882 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Алғаш Алдашбай ахуннан сауат ашып, кейін Бұхарадағы «Мир Араб» және «Көкелташ» медреселерінде білім алған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеріп, шығыс әдебиетінің асыл мұраларымен сусындаған.
Ақынның шығармашылық мұрасында өлең, дастан, мысал, хикаялармен қатар, шығыс классикасының көрнекті туындыларын қазақ халқына жақындата түскен аудармашылық еңбегі айрықша орын алады. Оның есімін елге кеңінен танытқан еңбектерінің бірі – ұлы парсы ақыны Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақ тілінде жырлауы. Тұрмағамбет бұл алып мұраны қазақтың жыршылық дәстүрімен сабақтастыра отырып, ұлттық әдебиетіміздің қазынасына айналдырды. Көлемі шамамен 40 мың жолды құрайды.
Дастанда ел тағдыры, ерлік, батырлық, достық, махаббат, әділдік пен адамгершілік тақырыптары кеңінен суреттеледі. Әсіресе Рүстем батырдың ерлік жолы ерекше орын алады. Тұрмағамбет шығарманы жай ғана аудармай, оны қазақтың ұлттық дүниетанымына жақындатып, бай тілмен, жыр дәстүрімен жеткізген.
«Шаһнама» — шығыс әдебиетінің жауһарын қазақ оқырманына танытқан, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ақындық шеберлігін танытатын аса бағалы мұра.
Сырдың сүлейі атанған Тұрмағамбет – Қармақшының ғана емес, күллі қазақ руханиятының мақтанышы. Ақынның мол мұрасын дәріптеу – ұлттық әдебиетімізді, тарихымызды және туған жеріміздің рухани құндылықтарын құрметтеу болып табылады.