Қазіргі таңда Қызылорда облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Адал кәсіпкер» өңірлік байқауы өтуде. Байқауды Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – өз қызметін заң талаптарын сақтай отырып жүргізетін, жауапкершілігімен және ашықтығымен ерекшеленетін кәсіпкерлерді қолдау, олардың озық тәжірибесін насихаттау және өңірде адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру.
Адалдық – кәсіпкерліктің маңызды қағидаты
Бүгінде кәсіпкерлік тек тауар өндіру немесе қызмет көрсетумен шектелмейді. Кәсіпкердің қоғам алдындағы жауапкершілігі, қызметкерлеріне жасайтын еңбек жағдайы, салықтық міндеттемелерді орындауы, заң талаптарын сақтауы және әлеуметтік бастамаларға атсалысуы да маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, «Адал кәсіпкер» байқауы – бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Байқауға қатысушылардың қызметі белгіленген талаптар бойынша арнайы комиссия тарапынан бағаланады. Атап айтқанда, кәсіпкердің қызметін ашық жүргізуі, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауы, қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі ескеріледі.
Бірнеше бағыт бойынша үздіктер анықталады
Байқау аясында кәсіпкерлер бірқатар арнайы номинациялар бойынша бағаланады. Олардың қатарында:
- «Адал кәсіпкер – үлгілі салық төлеуші»;
- «Адал кәсіп кер – жауапты жұмыс беруші»;
- «Адал кәсіпкер – қауіпсіз кәсіпорын»;
- «Адал кәсіпкер – әлеуметтік жауапты бизнес»;
- «Адал кәсіпкер – ашық бизнес»;
- «Адал кәсіпкер – үздік шағын бизнес»;
- «Адал кәсіпкер – үздік өндірістік кәсіпорын» - номинациялары бар.
Бұл номинациялар кәсіпкерлік қызметтің әртүрлі қырларын қамтып, бизнестің тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік және қоғамдық маңызын көрсетуге мүмкіндік береді.
Өтінім қабылдау жалғасуда
Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін өтінімдер қабылдау жалғасуда. Сондықтан өз кәсібін адал әрі заң талаптарына сәйкес жүргізіп отырған Қызылорда облысының кәсіпкерлерін белсенді қатысуға шақырамыз. Байқауға қатысу – кәсіпкердің өз кәсібінің жетістіктерін таныстырып қана қоймай, адал еңбек пен жауапты бизнестің үлгісін көрсетуге мүмкіндік береді.
Байқаудың қорытындысы бойынша үздік кәсіпкерлер арнайы номинациялар бойынша анықталып, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Адал кәсіпкер – заңды құрметтейтін, еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын және қоғамның дамуына үлес қосатын кәсіпкер.
Қызылорда облысының кәсіпкерлерін «Адал кәсіпкер» байқауына қатысуға және өздерінің адал еңбек жолын көпшілікке таныстыруға шақырамыз.
Өтінім қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 1–30 қыркүйек.
Толық ақпарат алу және байқауға қатысу үшін Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады.