Жолдауда цифрлық технологияларды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, өндіріс орындарын жаңғырту, инвестиция тарту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл бастамалар еліміздің заманауи даму талаптарына бейімделіп, жаңа технологиялық мүмкіндіктерді игеруіне жол ашады.

Сонымен қатар білім мен ғылымды дамыту, адами капитал сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені елдің тұрақты дамуы ең алдымен білімді, білікті, кәсіби құзыретті және жаңашыл ойлайтын мамандарға байланысты. Осы тұрғыда жоғары білім беру ұйымдарының алдында ғылыми зерттеулерді дамыту, білім беру сапасын жетілдіру және еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау міндеті тұр.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Жолдауда айқындалған басым бағыттарды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Университетте білім беру үдерісін жаңғырту, ғылыми-инновациялық жобаларды қолдау, цифрлық білім беру ортасын дамыту және жастардың зерттеушілік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар өңірдің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтып, еліміздің зияткерлік дамуына серпін береді.

Мемлекет болашағы – білімді жастардың қолында. Сондықтан Жолдауда көтерілген міндеттерді жүзеге асыру – әрбір азаматтың, әрбір білім беру ұйымының ортақ жауапкершілігі. Бірлік пен табанды еңбек, сапалы білім мен ғылым елімізді биік белестерге жетелейтіні сөзсіз.

Білім мен ғылымды ту еткен елдің болашағы жарқын! Ел дамуы жолындағы ортақ мақсаттарға бірге үлес қосайық!