Мен кәсіпкер әрі заңгер ретінде бұл бастаманың маңызын жақсы түсінемін. Себебі заң тек қағаз жүзіндегі талаптар жиынтығы емес. Ол күнделікті өмірде азаматтың құқығын қорғап, кәсіпкердің жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, инвестордың ел экономикасына сеніммен қаржы салуына жағдай жасауы керек.

Бүгінгі Қазақстан – тәуелсіздігін нығайтқан, экономикасы дамып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізіп жатқан мемлекет. Қоғам өзгеріп жатыр, бизнес жүргізу тәсілдері жаңаруда. Кеше ғана болмаған жаңа экономикалық қатынастар пайда болды. Мәселен, қазір кәсіпкер тауарын интернет арқылы сатады, келісімшартты электронды түрде жасайды, төлемді онлайн қабылдайды. Тіпті кейбір қызметтер мен мүліктік қатынастар толығымен цифрлық кеңістікте жүзеге асады.

Осындай жағдайда азаматтық заңнама да заман ағымына сай жаңаруы тиіс. Өйткені заң өмірден, қоғамның дамуынан артта қалмауы керек.

Менің ойымша, жаңа Азаматтық кодекстің ең басты міндеттерінің бірі – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын нақты әрі тиімді қорғау.

Мысалы, кәсіпкер біреумен келісімшарт жасасты делік. Ол өз міндетін толық орындады, тауарын жеткізді немесе қызметін көрсетті. Бірақ екінші тарап келісілген ақысын уақытында төлемеді. Осындай жағдайда кәсіпкердің құқығы заңмен нақты қорғалып, дауды шешу жолдары түсінікті әрі тиімді болуы қажет. Келісімшарттың орындалуы – бизнестің тұрақтылығы мен сенімділігінің негізгі кепілі.

Екінші маңызды мәселе – меншік құқығын қорғау. Адамның үйі, жері, кәсібі немесе кәсіпорны болсын, оның мүлкіне ешкім заңсыз қол сұқпауы керек. Меншіктің барлық түріне бірдей кепілдік берілуі – кәсіпкерлік пен инвестицияның дамуы үшін де аса маңызды. Себебі инвестор да, кәсіпкер де өз мүлкі мен салған қаражатының заңмен қорғалатынына сенімді болуы тиіс.

Үшінші мәселе – кәсіпкерлік еркіндік. Қолданыстағы заңнамада кейбір қатынастар бойынша тараптардың өзара келісім арқылы шарт талаптарын белгілеу мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Ал шын мәнінде, азаматтар мен кәсіпкерлер заң аясында өзара тиімді шешім қабылдай алуы керек. Мемлекеттік реттеу қажетті деңгейде болғанымен, жеке азаматтық-құқықтық қатынастарға артық шектеулер мен негізсіз араласу болмауы қажет.

Әрине, жаңа кодекс әзірлеу дегеніміз – бұрынғы заңдардың бәрін жоққа шығару емес. Қолданыста өзін ақтаған нормаларды сақтай отырып, бүгінгі күннің талабына жауап бермейтін тұстарын жетілдіру маңызды. Бұл ретте кәсіпкерлердің, заңгерлердің, ғалымдардың және тәжірибелі мамандардың пікірі ескерілуі керек. Өйткені заңның қалай жұмыс істейтінін оны күнделікті өмірде қолданатын адамдар жақсы біледі.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі ретінде де айтарым, жаңа Азаматтық кодекс бизнес өкілдерінің нақты мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Ол кәсіпкерге қосымша кедергі емес, керісінше, өз ісін сенімді жүргізуге мүмкіндік беретін құқықтық құрал болғаны жөн.

Жаңа Қазақстанға жаңа көзқарас, жаңа экономикалық қатынастарға сай жаңа заңнама қажет. Тәуелсіз мемлекетіміздің даму деңгейіне, цифрландыру үдерісіне және халықаралық экономикалық байланыстарға жауап беретін Азаматтық кодекс болуы – заңды қажеттілік.

Меніңше, жаңа Кодекстің басты өлшемі оның қаншалықты көлемді немесе күрделі жазылғанында емес, қарапайым азамат пен кәсіпкердің құқығын іс жүзінде қаншалықты қорғай алатынында болуы керек. Заң түсінікті, әділ, өмірге жақын әрі баршаға бірдей қызмет етуі тиіс. 

Дәулет Ізбасарұлы - кәсіпкер, Атамекен кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі