Кездесуде халық денсаулығын сақтау, су ресурстарын тиімді басқару, Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту және өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды. Арал теңізінің мәселесі экологиямен ғана шектелмейді, өңір халқының денсаулығы, су ресурстарының сақталуы, экономикалық тұрақтылық және болашақ ұрпақтың өмір сапасымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі, халықаралық ұйымдар мен серіктестердің қолдауымен Арал өңірінің экологиялық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынды. Еске салсақ, Аралды құтқарудың халықаралық қоры 1993 жылы Қызылорда қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінен кейін құрылды. Қазақстан 2024-2026 жылдары осы қорға төрағалық етуде. Оның аясында өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған, соның ішінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының маңызы зор. Жобаны іске асыру нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіндегі судың минералдану деңгейі литріне 23 грамнан 17 грамға дейін төмендеді, су көлемі 15 млрд текше метрден 27 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Қыс мезгілінде өзеннің су өткізу қабілеті секундына 650-700 текше метрге дейін артты. Ал балық аулау көлемі жылына 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін өсті. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Солтүстік Арал теңізін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасының екінші кезеңі басталды. Осы орайда Көкарал бөгетінің биіктігін 42 метрден 44 метрге дейін көтеру жоспарлануда. Бұл теңіздегі су көлемін 7 млрд текше метрге арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, халықаралық делегация алдағы күндері Сырдария өзені бассейніндегі су тұтыну және дақылдарды суару нормаларын түзетуге бағытталған пилоттық жобамен танысып, Көкарал бөгеті мен Солтүстік Арал теңізінің жағдайын зерделейді.