Акцияға зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, бөлім, мекеме және инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, эко белсенділер және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.
Аудан әкімі Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Тазалық әр үйден, әр ауладан, әрбір елді мекеннен басталады. Табиғатты қорғау ісінде мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір тұрғынның белсенділігі маңызды. Баршаңызды туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын», - деді аудан әкімі Е.Төрәлиев.
Дүниежүзілік тазалық күні аясында ұйымдастырылған сенбілікке аудан бойынша 2500-ден аса адам қатысып, 12 техника жұмылдырылды. Көшелер мен саябақтар тазартылып, жабайы шөптер шабылды, аяқ су жүретін арықтар күл-қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде 14 тоннаға жуық қалдық арнайы орындарға шығарылды.
Аудан әкімі сенбілік жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап көріп, тазалықты тұрақты сақтау, абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізу және белгіленген аумақтарды күтіп ұстау жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.