Екі жылдан соң осындағы жұрт «Таң» колхозымен қосылып, «Коммунизм» атанды. Тарихи деректер осылай сөйлейді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Үкімет қаулысымен көп колхоздар ірілендеру науқанымен совхозға айналды. Айталық, 1963 жылы «Коммунизм» мен «Партияның ХХІІ съезі» атындағы колхоз қосылды. Осы кезеңде Жалағаш поселкесі, Таң, Ақсу ауылдары «Коммунизм» совхозына қарапты. Совхозды Мөрәлі Шәменов басқарып, орталығы Жалағаш поселкесіне ауысқан. Қазіргі аудан орталығында көптеген мәдени-әкімшілік құрылыстардың жүруі де осы кез болса керек.

– Еңбеккерлердің арқасында совхоз көп жетістікке жеткен. 1971 жылы облыста бірінші болып «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. 1975 жылдан бері «Коммунизм» совхозының орталығы қазіргі М.Шәменов ауылына ауысты. Аудан бойынша мал бордақылау совхозы болып қайта құрылған ел төрт түлікпен қатар, егін егуде де көп ауылға үлгі болған мекен, – дейді ауылдық округ әкімі Ғалымжан Есжанов.

Біз баяндап отырған Мөрәлі Шәменов аулында 200-ден астам шаңырақ бар. Аудан орталығынан онша алыс емес елдің бірлігі бекем, табысы да тұрақты. Ал мемлекет қолдауымен мұнда атқарылған іс көп. Былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен ауыл ішіндегі Жамбыл және Б.Ердүзелова көшелері күрделі жөндеуден өтіпті. Жалпы мұнда барлығы 12 көше болса, барлығына да асфальт төселген. Расы керек, мұндай жаңарған жол инфрақұрылымы көп ауылда кездесе бермейді.

 – Ауыл ішін көркейту, абаттандыру, тазалығын сақтау – тек әкімдік қана емес, барлық тұрғынның басты міндеті. Айтпақшы, былтыр осындай жұмыстарға 1 млн, 634 мың теңге беріліп, санитарлық-тазалық жұмыстарына 807 мың теңге қаржы жұмсалды. Екіншіден, «Мега Агро» ЖШС қаражаты есебінен 2 млн теңгеге ауылдың электр бағаналарын ауыстыруға жоба-сметалық құжаты дайындалды. Қазір жоба аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне ұсынылған. Негізінен біздің ауыл егін егу, мал өсіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Өткен жылы 850  гектар күріш, 86 гектар жаздық бидай, 311 гектар ескі жоңышқа, 122 гектар жаңа жоңышқа егілді. Сондай-ақ ауылдастарымыз көбіне жылқы мен мүйізді ірі қара өсіреді. Уақ мал да баршылық, – дейді ауыл әкімі.

  Оның сөзінше, елді мекенде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал шаруашылығымен айналысуға бір жоба мақұлданып, 18 млн теңгеден астам несие берілген. Бұған қосымша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының мемлекеттік грантын 3 ауыл тұрғыны ұтып алыпты. Оның жалпы сомасы 4 млн 718 мың теңге құрайды. Қазір қолдау алған ауыл азаматтары өз кәсіптерін жандандырып, құс шаруа­шы­лығын дамытып, жылқы мен сиыр өсі­руді қолға алған. Одан басқа, жылыжай шаруашылығын дамытқан тұрғын бар. Ондағы өнімдерге де сұраныс жоғары.

    – Біз отбасымызбен көп жылдан бері бау-бақша егумен айналысамыз. Бастапқыда өз күшімізбен жылыжай салып, үш-төрт жылдың көлемінде онда қияр, қызанақ және түрлі гүлді тұқымнан бастап өсірудеміз. Тұқымнан өнген көшеттерге сұраныс көп. Өйткені, тұрғындар тұқымнан бастап егуді емес, дайын көшет түрінде алып, бақшасына отырғызғанды қолайлы көреді. Бір жағынан уақыт үнемдеуге де жақсы. Қазір қияр мен қызанақ көшеттерін көрші Қармақшы, Сырдария аудандарынан бөлек, өзіміздің жалағаштықтар да көптеп сатып алады, – дейді ауыл тұрғыны Айымгүл Мәдібергенқызы.

  Отбасылық кәсіпті жандандырған Айымгүл апай бау өсіру, бақша салу кәсібі атадан балаға мирас ретінде келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, Сейіт есімді бағбан атасы Ташкент жерінен түрлі алма, алмұрт, өрік сынды жеміс көшеттерін алдырып, тұтас ауылға отырғызған көрінеді.

  – Жылыжай шаруашылығын дамытуға «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қолдау қаражаты үлкен көмек болды. 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алдық. Жылыжайға газ тартуға, жылуын дұрыстауға, өзге де қажеттілерге қаражат керек екені белгілі емес пе? Қазір дайын өнімдеріміз, яғни қияр мен қызанақ тұрақты сатылымда. Сондай-ақ бір адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді ол.

 Мөрәлі Шәменов ауылында барлық әлеуметтік нысандар толығымен қамтылған. Әрі біразы жаңа күйде. Ел ішінде білім беретін орта мектеп болса, онда 36 мұғалім еңбек етеді. Сондай-ақ 90 орындық «Бөбек» бөбекжай бақшасында төрт топ тәрбиеленуде. Ал ауылдық емханада жоғары білімді дәрігермен бірге 9 медбике осындағы жұрттың саулығын күзетіп жүр. Аса ауыр науқастарды тасымалдауға жедел жәрдем көлігі берілген.  – Екі жыл бұрын біздің ауылға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, «көгілдір отын» келді. Қазір барлық отбасы табиғи газ тұтынып отыр. Ендігі міндет – әлеуметтік нысандарды газға қосу. Биыл Мәдениет үйін газдандыруға 36, емханаға газ жүргізуге 4 млн теңге қаралды. Бір айта кететінім, қазақ тәрбиесінде, руханиятында киелі адамдар мен ол жатқан мекенді қадір тұтқаны белгілі ғой. Бүгінде ауыл маңындағы Түмен баба кесенесіне 4 млн бөлінді. Әулие басын қайта жаңғырту жұмысы алдағы уақытта басталады, –дейді Ғалымжан Есжанов. Айтпақшы, орталықтан 25 шақырым ғана орналасқан ауылда спорт мектебі бар. Елдегі балалар көбіне қазақша күреспен шұғылданатынға ұқсайды. Елу шақты ұлды боз кілемде қос жаттықтырушы дайындап жүр.

  – Жалпы елі ішіндегі ахуал өте тұрақты. Ұрлық не өзге құқық бұзушылық жоқ. Балалар мен жастарымыз тәртіпті. Үлкендердің ақылын тыңдап, нағыз елдік дәстүрден аттамай өсіп келеді. Оның үстіне ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз ететін учаскелік полиция инспекторының еңбегін де айтсақ болады. Ал ауыл ішінде 6 жылдан бері Мөрәлі ата мешіт жұмыс істейді, имамымыз халыққа дін мен руханият жағынан дұрыс бағыт беріп келеді, – деп сөзін қорытты ауыл басшысы.