2024 жылы кәсіпкер Амангелді Панабеков мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, Қызылорда аймақтық инвестициялық орталығынан жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 59 миллион теңге несие алды. Жергілікті билік органдары мен «Самұрық-Қазына» қорының бірлескен қолдауының арқасында «Саяхат» шағын ауданынан 1 гектар жер учаскесі бөлініп, жаңа заманауи өндірістік кешен бой көтерді. Фабрика өткен жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылып, нарыққа жол тартты. Бүгінгі таңда фабрика толық автоматтандырылған жүйемен жылына 35 000 бірлікке дейін кеңсе, үй, мектеп, балабақша және медициналық мекемелерге арналған корпус, металл және жұмсақ жиһаздарды шығарады. «Қызылордада жасалған» сапалы өнімдерге тек аймақ ішінде ғана емес, сонымен қатар Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз сияқты еліміздің ірі қалаларынан тапсырыстар түсуде. Тұтынушылар қатарында мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жеке компаниялар да бар. Кәсіпорын өнімінің жоғары деңгейін халық та, сарапшылар да мойындаған. Сондықтан фабрика «Қазақстанның үздік өнімі» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік өнімдер» номинациясының жеңімпазы атанды.

Фабриканың алдағы даму бағыты да ауқымды. Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы ерекшелігін ескере отырып, престелген күріш қабығынан экологиялық таза жиһаз материалдарын  шығару технологиясын қолға алуда.
Сапар соңында қала ардагерлері шағын бизнесті ірі өндіріске айналдырған кәсіпкердің еңбегіне ризашылық білдіріп, Сыр өнімінің брендін республика деңгейінде асқақтатып жатқан фабрика ұжымына ақ баталарын берді.