35 мыңнан астам халқы бар Жалағашта былтыр өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелер мен кәсіпорындар және жеке секторлар арқылы 38 млрд, 384 млн теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау және «Өркен Әлем» ЖШС өндірген өнім есебінен 127 пайызға артты. Нәтижесінде 15 млрд, 571 млн теңгенің өнімі өндірілді.

          Салада бөлшек сауда деген ұғым бар. Бұған аудан ішіндегі жанар-жағармай, газ құю бекеттері, дәріханалар, компьютерлік жабдықтарды сатумен айналысатындар кіреді. Ал оның көлемі өткен жылы 3 млрд, 791,9 млн теңгеге орындалды. 

– Негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі былтырғы жылдың 11 айында 19 млрд, 406 млн теңге, яғни 108,8 пайызға орындалды, – дейді бізбен тілдескен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Жапбасбаев. – Сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастауға немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту және жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант берілетіні де өзіңізге белгілі. Бұл бағытта Жалағаш ауданында 264 жоба 4 млрд, 391,2 млн теңгемен қаржыландырылды. Ал оның ішінде Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру туралы тапсырмасында көрсетілгендей, «Ауыл Аманаты» жобасымен 166,5 млн теңгені құрайтын 33 жобаға қаржылық колдау көрсетілді.

Бөлім басшысының айтуынша, аталған қаражат өңдеу бағыты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ара балы өндірісі, құс шаруашылығы жәте қызмет көрсету бағытына берілген. Соның нәтижесінде ел ішінде 35 жаңа жұмыс орны құрылыпты.

 Бұдан бөлек, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының «Amanatnesie.kz» цифрлық платформасына 31,4 млн теңгені құрайтын 5 жобаның (асыл тұқымды мал шаруашылығы, кілем жуу және жарнама орталығы) құжаттары енгізілсе, қосымша 64 млн теңгені құрайтын 12 жобаның құжаттары жинақталуда. 

– Былтыр ауданда жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асты. Алғашқысы – құны 150 млн теңге болатын «Ер-Әлі» шаруа қожалығының күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Қазір бұл іске қосылып, жаңадан 5 жұмыс орны ашылды. 50 млн теңгеге «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлігі «Кондитерлік өнімдер шығару» цехын, 380 млн теңгеге «Тәтті» жеке кәсіпкерлігі сауда және ойын-сауық орталығын іске қосты. Сонымен қатар, «Таң ЛТД» ЖШС-ның құны 422 млн теңгені құрайтын мақсары майы, жүгері ұны және күріш лапшасын шығаратын «Өндірістік база» жобасын айтсақ болады. Қазір оның жүгері ұнын шығаратын цехы іске қосылды, қалған жобалар өз кезеңімен іске асырылмақ. Мұнда 10 жұмыс орны ашылады, – дейді салалық бөлім басшысы.

Биыл Жалағашта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында «Агрохимсервис-С» серіктестігінің құны 905 млн теңгені құрайтын «Қоймалар және шатыр құрылысы» жобасын бастау жоспарланған. Бүгінде қоймалардың 90 пайыздан астам жұмысы аяқталды. Қытай елінен құрал-жабдықтардың алғашқы легі келді. Жыл аяғына дейін жобаны толықтай іске асыру көзделген.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің сүйемелдеуімен жоба құны 51 млрд теңгені құрайтын «Харвест Агро Холдинг» компаниясының техникалық қарасора, жүгері және сояны өсіру мен қайта өңдеу бойынша агро-индустриялық кластер құру жобасы іске асырылуда. Жоба екі кезеңнен тұрады әрі оның қуаттылығы жылына 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері дәні және 20 мың тонна соя дайындауға жетеді. Қосымша 60 мың тонна шикізат өңдейтін және май сығу зауытын іске қосу жоспарланған.

Қазір облыс әкімдігі мен «Харвест Агро Холдинг» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумғо қол қойылды. Жер учаскесін рәсімдеу және су пайдалану лимиттерін растау жұмыстары да басталып кеткен. Жоба іске асқаннан кейін 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 

Айта кетейік, мұның барлығы ауданға инвестиция тартумен қатар, жұмыспен қамтылу көрсеткіштерінің орындалуына да өз септігін тигізеді деген сенім бар.

Ержан БЕКМЫРЗА