Алқа жұмысына басқарма басшысының орынбасарлары, бөлім басшылары, қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, облыстық білім беру мекемелері мен мектеп директорлары қатысты.

Кеңейтілген мәжілісте өңірдің білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер жан-жақты сараланып, жаңа оқу жылын жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған негізгі міндеттер айқындалды.
Алқа барысында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, білім беру процесін сапалы ұйымдастыру, бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстарының барысы, бітіруші түлектердің білім туралы құжаттарын қолданыстағы талаптарға сәйкес рәсімдеу мәселелері кеңінен қаралды.

Сонымен қатар, оқушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, «Заң мен тәртіп» қағидатын білім беру ұйымдарында жүйелі ілгерілету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тәрбиелік жұмыстардың сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Әлеуметтік қолдау шаралары да күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болды. Бір реттік әлеуметтік көмек көрсету, «Әлеуметтік әмиян» жобасын тиімді іске асыру, республикалық «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру, әлеуметтік осал санаттағы балаларды жаңа оқу жылына сапалы дайындау бағытындағы жұмыстардың жай-күйі талқыланып, бұл бағыттағы жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі ашық жүргізу тапсырылды.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері де кеңінен қаралды. Білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, терроризмге қарсы қорғалу талаптарын сақтау, бейнебақылау жүйелерінің, дабыл батырмаларының, өткізу режимінің және инженерлік қауіпсіздік құралдарының толық әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, санитариялық талаптарды сақтау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Алқа барысында жаңа оқу жылының ұйымдастырылуына әсер етуі мүмкін тәуекелдер талданып, бірқатар бағыттар бойынша анықталған кемшіліктер сынға алынды. Басқарма басшысы білім беру ұйымдары мен жауапты құрылымдардың әрбір мәселе бойынша алдын ала дайындық жұмыстарын күшейтіп, қабылданған шешімдердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Асқарбек Темірбекұлы жаңа оқу жылының ұйымдасқан әрі сапалы басталуы әрбір басшының жеке жауапкершілігі екенін айтып, барлық тапсырмалардың уақытылы және толық орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.