Білім – ел болашағының берік негізі болса, сол білімнің сапалы берілуі тікелей ұстаз еңбегімен сабақтас. Бүгінде өңірде білім беру саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа білім беру нысандары бой көтеріп, заманауи мектептер мен оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл – шәкірт сапасына, ұстаз мәртебесіне жасалған нақты қадамдардың нәтижесі.
Асқарбек Темірбекұлы өз сөзінде соңғы жылдары өңірдің білім беру саласында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының аймақ басшысы кезіндегі және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының білім саласын дамытуға бағытталған еңбегін атап өтті.
Сондай-ақ өңірдегі білім беру жүйесінің жетістіктері мен қол жеткізілген нәтижелердің барлығында ұстаздардың маңдай тері мен кәсіби біліктілігі, шәкіртке деген шынайы жанашырлығы жатқанын атап өтіп, педагогтерге еңбектері үшін алғыс білдірді.
Айта кету керек, мереке аясында сала қызметкерлеріне «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасарының Алғыс хаты, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет дипломы мен Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, сондай-ақ Қызылорда облысының білім басқармасы мен Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің Алғыс хаттары табысталды. Бұдан бөлек, бірқатар ұстазға шипажайға жолдама берілді.
Осылайша, кәсіби мереке қарсаңында Сыр өңірінің 1 354 педагогі марапат төрінен көрінді. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет пен білім саласы қызметкерлерінің кәсіби жетістіктеріне берілген лайықты баға.
Мерекелік кездесу концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар ұстаздар қауымына өз өнерлерін тарту етті. Әсем ән мен би тоғысқан бағдарлама мерекелік шараның сәнін келтірді.
Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі