Жалағаш жерінде шәкірт жанын түсінген, уақыт талабына үндесе отырып, білім мен тәрбие берген аудан мектептерінің сапасы жыл сайын жоғарылауда. Айталық, аудан орталығындағы әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі заман өзгерісіне бейімделіп, білім берудегі жаңашылдықтан қалыс қалмаған шаңырақ десек болар. Олай дейтініміз, аталған білім мекемесі оқушыларына білім беріп қоймай, сабақ үдерісіне керек техникалық жабдықтарын да түгендеген. Заманауи кабинеттерін жабдықтап әрі қазіргі сандық технологияны пайдалану арқылы әр пәнді оқушыларға терең үйретуде. Дұрысы, «Қазақ­стан халқына» қоры 250 млн теңге бөліп, мұнда бірнеше пәндік кабинет қажет­ті құрылғылармен және са­бақ барысына керекті дидактикалық материал­дармен жабдықталыпты. Сондай-ақ ұстаздар мен шәкірттер бүгінгі жасанды интеллектті меңгеріп, жетістікке жетуге де талпынып келеді. Қазір әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде мыңнан астам оқушы бар. 154 мұғалім-педагог сабақ беріп, оқушы білімін, шығармашылық әлеуетін, болашаққа деген талпынысын ұштап келеді. Білім шаңырағындағы тағы бір оң бағыт – шәкірттердің математика пәнінен деген ынтасын арттыру. Осы тұрғыда мұнда IT математика жобасы қолға алынған. Екіншіден, біз әңгімелеп отырған мектеп-лицей жыл бойы қандай конкурстан болмасын, жүлдесіз қайтпаған. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, рес­публикалық олимпиадаға 12 оқушы қатысып, оның 8-і же­ңімпаз атанып, ІІ, ІІІ орын­ды қанжығаға байлапты. Ал ауыл мектептеріне арналған пәндік олимпиадада 32 оқушы облыстық кезеңде жүлделілер қатарынан табылған. Осы додада республикалық кезеңге жолдама алған 4 оқушы да оза шапты. Екеуі І, енді бірі ІІ орын алса, бір оқушы Алғыс хат иеленіпті. Ғылыми жоба қорғауда мектеп-лицейдің 10 оқушысы облыс орталығынан жүлде орыннан көрінген. Ал жеңіскеи жеткен дарынды оқушыларды айтпағанда, ұжымдағы ұстаздар қауымының қай-қайсысы да осал емес. Осының арқасында олар «Үздік инновациялық мектеп», «Білім бәйтерегі», «Білімнің биік тұ­ғы­ры», «Табыс­ты мектеп» сияқты бірнеше жүлделі аталымдарды иеленіп келеді. Бір ғана мысал, жетістігі көп шәкірттер тәрбиелеген білім орнының мұғалімі Раушан Атау­лиева «Үздік сынып жетек­ші-2024» республикалық бай­қа­уына қатысып, ІІ орын иегері атанған. Ең қуаныштысы, мұғалімдер мен оқушылардың үлкен жетістіктері сараланып, аталған ұжым 2023-2024 оқу жылының қоры­тын­дысымен «Орта білім бере­тін үздік ұйым» облыстық кон­курсы жеңімпазы атанды. 34 млн теңгенің сертификаты табысталды. Бұған қосымша, екі жыл бұрын мектеп-лицей ұжымы ауыл мектептері оқушыларына ар­нал­ған пән­дер бойынша республи­ка­лық олимпиадада көрсеткен жо­ғары нәтижесімен «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» аталымын алған болатын. Дәл осы номинация келесі жылы бұйырды. Ұжым тағы да «Ең үздік ауыл мектебі» аталымын екінші мәрте жеңіп алды. Өйткені, 2024-2025 оқу жылы олим­­пиа­­даның республикалық кезе­­ңіне қатысқан 8 оқушысы да жеңіс төрінде тұрды.  Мектеп-лицей директоры Айнұр Ай­босынованың айтуынша, былтыр жыл басынан бері мектеп шеберханасында «тігінші» жә­не «аспаз» кәсібі тереңдетіліп оқытылуда. Яғни, жоғары сынып оқушылары орта білімді тәмамдаған тұста, аттестатпен бірге игерген кәсібіне қажетті сертификат алады.

– Осы оқу жы­лында аудандық түрлі бай­қау­ларға, олимпиада, ғылыми жобаларға 97, облысқа 58, республикалық ке­зеңге 6 оқушы қатысып, І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Сөз жоқ, мұндай жетістіктердің артын­да мұғалім еңбегі тұр. Әріптестестерім кәсіби бай­қау­лардан аудан, облыс, рес­публика көлемінде жо­ға­ры марапат төрінен ұдайы көрініп келеді. Айталық, «Үз­дік авторлық бағдар­­лама-2025» байқауында Ро­­за Абдрах­ман­ова, «Дарынды ба­­лаға та­лантты ұстаз» олим­пиада­сын­да Бақдаулет Әбді­ғали, «Oi-Sandyq» оқу және ма­тема­тика­лық сауаттылықтан қазақ тілі мен математика пән­дері мұғалімдеріне арналған зият­­керлік байқауында Махмуд Ермак жүл­делі болды, – дейді мектеп-лицей директоры. Айта кетейік, өткен жылы Жалағашта 450 түлек мектептен қанат қақты. Осы бітірушілердің 388-і, яғни 87,2 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысқан еді. Аймақ бойынша олардың орташа балы – 84,1%. Сонымен қатар, былтыр республикалық ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың облыстық кезеңіне Жалағаштан 106 оқушы қатысса, 22 оқушы жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл тұрғыда Жалағаш кентіндегі әл Фараби атын­дағы №201 мек­теп-ли­це­йінің ауданның білім саласының оң көрсеткішінде ойып орын алатыны белгілі.