Ал деректерде Қазалы, Төрткүл, Шымбай уездерінің саудагерлері мұнда жиі жәрмеңке өткізгені, жер-жердегі халық қатынасы жақсы дамығаны айтылады. Базарлаған жұрттың Аламесекке көп келетіні де сол. Ел аузындағы «шегіртке де Аламесек деп ұшатыны» осындағы құж-құж қайнаған тіршілікті меңзеп тұрса керек. Архивті ақтарсақ...
Жалағаш ауданы әу бастан суармалы егіншілікке бейімделген. Тарихи деректерде 1939 жылдан кейін егінге қажетті барлық техника Қаракеткен, Қаратөбе МТС-теріне шоғырланып, сол уақыттағы егіске бейімделген 33 колхоз ерен еңбек үлгісін көрсетіпті. 1955-1956 жылдары ауданның Сырдария жағалауындағы колхоздарын қамтитын каналдар қазылып, су жүйелерін реттейтін тоспа мен тоғандар құрылысы аяқталады. Ал жалпы 1965-1970 жылдардан бастап аудан шаруашылықтарында егіншілік мәдениеті артты. Астық бастыруда керекті техника 100 пайызға жеткен. Ғылым мен техниканың осындай жетістіктерін тиімді пайдаланған аудан шаруашылықтары еңбек өнімділігін арттыра түсті. Бірнеше азамат Еңбек Ері атанып, озаттар мен еңбек адамдары көптеп шықты. Архивті ақтарсақ, 1984-1985 жылдары Жалағаш ауданы 84 мың тонна күріш жинағанын көруге болады. 17800 гектардан осындай көрсеткішке жеткен. Сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары ауданда 10500 басқа жуық ірі қара, 83860 бас қой-ешкі, 4355 бас жылқы және 785 бас түйе тіркелген. 1950 жылдардың аяғында колхоздарда мал басын өсіру, оның өнімділігін арттыру, тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алыныпты. 1960 жылдарға дейін колхоздар өз жағдайына қарай орта есеппен 7-10 мың қой, мыңның үстінде ірі қара, 300-500 басқа дейін жылқы, көші-қон және өндірістік мақсатта түйе ұстаған. Сондай-ақ ауданда сүт пен май өнімі тұрақты шығып, мемлекетке өз жоспарымен күзде ет тапсыру науқаны өтіп тұрған.
Аудан еңбеккерлері алдыңғы сапта

Туған жерге тері тамған талай ердің даңқын көтерген Жалағаштан еңбек тайқазанын қайнатқан мықты майталмандарды айтпасақ болмас. Исатай Әбдікәрімов, Ысқақ Жолмырзаев, Қазына Жүсіпова, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Тұршабек Елеусінов, Несіпбай Әпірезов Социалистік Еңбек Ері деген сол кездегі ең жоғары мәртебелі атақты алып, кеуделеріне «Алтын Жұлдызды» тақты. Ұлмекен Төлегенова, Айнаш Балғабаева СССР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болды. Қырманда алтын дәннен тау тұрғызған диқандар мен Қарақұм мен Қызылқұм жайлауын малға толтырған шопандардың жасампаз еңбегінің арқасында бүгінгі берекелі тірліктің негізі қаланды десек, әбден болады.
Бүгінде 19 мың гектардан астам Сыр салысын өсіретін ауданда егістікпен айналысатын 162 шаруашылық бар. Жалпы Жалағаш былтыр 37 мың гектарға жуық жерге егін екті. Күріштен өзге, бидай, жүгері, арпа, мақсары, қант құмайы, соя, сұлы, жоңышқа, картоп және бақша өнімдері бар. Егілген күріштің әр гектарынан 60,1 центнер өнім жинады. Аудандағы шаруашылықтар өздеріндегі техника паркін ұдайы жаңартып келеді. Серіктестіктер өткен жылы 691,7 млн теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Айта кету керек, барлық ауданда да су тапшылығы орын алып, бұл қиындықпен біздің аймақтың диқандары да бетпе-бет келді. Бірақ Президент пен Үкімет және облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдегі шаруалар жаңа заманауи технологиялар мен техникаларды тиімді пайдалана отырып, жер несібесін ысырапсыз жинап алдық. Ал егін жинау қорытындысымен Жалағаш ауданы облыста «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясын жеңіп алды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев. Елде егіннен бөлек, төрт түлік санын арттыруда да атқарылған жұмыс нәтижесін беріп келеді. Жалағашта мал өсірумен 138 шаруа қожалығы айналысады. Ал аудан көлемінде 34777 бас ірі қара, 27573 бас уақ мал, 29268 жылқы, 752 бас түйе, 10189 бас үй құсы тіркелген.
– Аудан бойынша үш шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсірсе, бір шаруашылық асыл тұқымды қой түлігін көбейтіп отыр. Алдағы уақытта сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» шаруашылығы өз қаражатына сүт бағытындағы асыл тұқымды 30 бас «Симменталь» қашарын сатып алып, 2027 жылы шаруашылық жанынан сүт өңдеу цехы ашуды жоспарлап отыр. Ал «Бақдаулет-57» шаруа қожалығы Чехия мемлекетінен асыл тұқымды әрі сүт бағытындағы 95 бас «Симменталь» мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Қазір алынған малдың 72 пайызы төлдеп, тәулігіне 700 литр сүт өндірілуде, – дейді аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Нұржан Есеналиев.
Айта кетейік, ауданның жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды. Оның ішінде 591 563 гектар жер Қарағанды облысынан ұзақ мерзімді пайдалануға алынған. Сонымен қатар, Жалағашта 33 016 гектар инженерлік тұрғыда әзірленген егіс жүйелері жұмыс істеп тұр. Сөз соңы. Жалағашта алдыңғы толқын, аға буынның ізімен елге еңбек етіп, халықтың ықыласына ие болып жүрген азаматтар қазір де бар. Қазақстанның Еңбек Ері, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов және тағы басқа азаматтарды дәл бүгінгі еңбек майданының ерлері десек жарасар. Бұлар туған жерді түлетіп, елді мекенді көркейтіп қана қоймай, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырғаны да – шын жанашырлық іс.