Бұл – облыс әкімдігінің сүйемелдеуімен басталып жатқан тың бастама. Шетелдік инвесторлар қызығушылығын көтерген жобаның құны – 51 млрд теңге. Швейцариялық «Харвест Агро Холдинг» компаниясының аталған жұмысты екі кезеңмен жүзеге асырмақ (І кезең 2025-2026 жж, ал ІІ кезең 2026-2027 жж).

– Аталған жобаның қуаттылығы жылына 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері дәні және 20 мың тонна соя дайындауге жетеді. Сондай-ақ 60 мың тонна шикізат өңдейтін және май сығу зауытын іске қосу жоспарланған. 150 адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде облыс әкімдігі мен «Харвест Агро Холдинг» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумғо қол қойылды. Компанияның Қазақстандағы өкілдігі «АА Агро Кызылорда» ЖШС-ның Жалағаш ауданы әкіміне жазған мемлекеттік меншіктен жер учаскесін алуға деген өтініші де мақұлданды. Былтыр әкімдік қаулысымен 14273 гектар жер телімі табысталды, –  дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұртас Төлегенов.

 Аталған жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасының тізіміне (150 000 АЕК асатын жобалар) енген. Сондай-ақ жоба аясында Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Қараөзек өзенінің бойынан су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, оның ішінде жаңбырлатып суару тәсілін қолданып, барлығы 32 мың гектар жердің 8700 гектары егін егу дайындалған.

– Оның ішінде тегістелген жердің 7700 гектар жеріне жүгері дақылын егу жоспарлануда. Жобада жоспарланған 143 дана жаңбырлатып суару құрылғысының 80-і орнатылса, қалған құрылғылар егістк басына толықтай жеткізіліп, құрастырылып жатыр. Бұл құрылғылар да отандық өнім, яғни көршілес Түркістан облысынан өндірілген. Қуаттылығы 50 гектар жерді суаруға жетеді. Бұдан бөлек, егіс алқабына орнатылған жаңбырлатып суару құрылғыларына жер асты су жеткізу трубалары және электр тоғын тартуға тиісті жұмыс жүруде, – дейді бөлімнің бас маманы.

 Қазір жүгері егіс алқабының10 шақырым жері қоршалған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын канал қазылуда. Жобаны іске асыруға 10 қосалқы мердігер мекеме, 300 жұмысшы тартылыпты. 200-ге жуық техника қажеттіні өтеп тұр.

«АА Агро Кызылорда» ЖШС директорының орынбасары, бас агроном Ғалымжан Ізтілеуовтің айтуынша, серіктестік германиялық «CLASS» тракторының 4 данасын, сонымен бірге «TIGER» тұқым себу көпфункционалды техникасы және жүгеріге арналған қатар аралық культиваторлар, өздігінен жүретін дәрі шашқыш техникалар сатып алған. Сондай-ақ биыл жобаның бірінші кезеңі бойынша егінді егу, күтіп баптауға тұрақты 100 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Жалпы осы жобадан бөлек, ауданда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында «Агрохимсервис-С» серіктестігінің құны 905 млн теңгені құрайтын «Қоймалар және шатыр құрылысы» жобасы бастау алды. Жыл аяғына дейін толықтай іске асыру көзделген.

Айта кетейік, былтыр Жалағашта құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асқаны белгілі Алғашқысы – құны 150 млн теңге болатын «Ер-Әлі» шаруа қожалығының күріш ақтау және жем өндіру зауыты. 50 млн теңгеге «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлігі «Кондитерлік өнімдер шығару» цехы, 380 млн теңгеге «Тәтті» жеке кәсіпкерлігі сауда және ойын-сауық орталығы  жұмыс істеуде. Сонымен қатар, «Таң ЛТД» ЖШС-ның құны 422 млн теңгені құрайтын мақсары майы, жүгері ұны және күріш лапшасын шығаратын «Өндірістік база» жобасын айтсақ болады.